Павлодарда кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі талқыланды
Өңірде бизнес пен сот арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге басымдық берілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында бизнеске қатысты әкімшілік істерді қарау, экономикалық және әкімшілік даулардың ерекшеліктері, татуластыру рәсімдері мен мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» өтті.
Кездесуге ӨКП, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың, мемлекеттік органдардың, заң консультанттары палатасы мен адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.
Палата директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот арасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде меморандум жасалғанын еске салды.
– Меморандумның мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің толық іске асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін нығайту бағытында ынтымақтастық орнату. Сот ісін жүргізуді ұйымдастыру мәселелері бойынша консультациялық-құқықтық көмек көрсету мақсатында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың төрағасы мен судьялары кәсіпкерлік субъектілері үшін ай сайын жеке қабылдаулар өткізіп, «дөңгелек үстел» форматында кездесулер ұйымдастырады, – деді Мұрат Мұсатаев.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың төрағасы Әділет Бақтияров әкімшілік және экономикалық даулардың айырмашылығын түсіндірсе, судья Гүлмира Юсупова татуластыру рәсімдерінің мүмкіндіктері мен әкімшілік істерді мемлекеттік тілде қарау тәртібі туралы айтты.
Кездесу барысында кәсіпкерлер мен адвокаттар бейнеконференцбайланыс арқылы сот пен Кәсіпкерлер палатасы өкілдеріне сұрақтарын қойып, оларға жауап алды.