Павлодарда кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексі түсіндірілді
Өңірде бизнес өкілдері салық заңнамасындағы өзгерістер бойынша сұрақтарына жауап алып, мамандардан кеңес алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлермен кездесу өтті. Іс-шара сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылды.
Кездесуге қала және аудан кәсіпкерлері бейнеконференция арқылы қосылып, өздерін толғандырған мәселелерді көтерді. Олар қосылған құн салығы, корпоративтік және жеке табыс салығы, өндірістік емес төлемдер, қызметкерлерді сақтандыру және жаңартылған салық заңнамасына қатысты сауалдарын жолдады.
– Өңірлік «Атамекен» палатасына мемлекеттік кірістер департаментінің әріптестері жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру үшін тұрақты түрде келеді. Көптеген өзекті мәселелерді шешу үшін осындай түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – деді Ерқанат Әбенов.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары басқармасының басшысы Төлеген Шаймардановтың айтуынша, ведомство жыл бойы бизнес қауымдастықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Алайда 2026 жылы жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты кәсіпкерлер тарапынан жаңа нормаларға қатысты сұрақтар көбейген.
– Мысалы, арнайы салық режимдерінің өзгеруіне байланысты енгізілген талаптар біз үшін жаңа. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп отырмыз және барлық сұрақтарға жауап беруге дайынбыз, – деді ол.
Сондай-ақ ол 1 сәуірден бастап жеке тұлғалар үшін көлік салығын төлеу мерзімі басталатынын еске салды. Қазіргі уақытта 2025 жыл үшін төленуі тиіс сомалар жарияланып жатыр. Бұдан бөлек, жылдық декларацияларды тапсыру мерзімі де жақындап келеді.
Кәсіпкерлер өз сұрақтарын өңірлің кәсіпкерлер палатасына немесе мемлекеттік кірістер департаментіне әлеуметтік желілер мен байланыс құралдары арқылы жолдай алатыны атап өтілді.