Павлодарда көне ыдыстардың көрмесі ашылды (ФОТО)
Облыстық Г.Н Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде наурыз мерекесіне орай музей қорындағы ұлттық ыдыс-аяқ коллекциясы көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Көрмеге музей қорындағы 50-ге жуық ыдыс-аяқ қойылды. Олардың ішінде қазіргі күнде қолданыстан шығып кеткен, көне ыдыстар да бар. Атап өтсек, саба, мес, торсық, күбі, саптыаяқ сынды ыдыстар көрме төрінен орын алды.
– Мұндағы әрбір ыдыстың тарихы бар. Ғасырдан ғасырға сақталған мұрағаттар бүгін осы музейге қойылды. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дейді ғой бабаларымыз. Осындай көне заттарды көріп, көзайым болғаным үшін музей қызметкерліре алғысымды білдіремін, – дейді «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестінің төрайымы Бақытжамал Максилова.
Көрмеге қойылған ыдыс-аяқтар тек ағаштан ғана емес металл, саз балшық сынды материалдардан жасалған.
– Кезінде аттың жалы мен түйе қомында жүріп, кең даламызды қорғап өткен батыр бабалармыз осындай ыдыстарды қолданған екен. Көрмемізде түрлі ыдыс-аяқтар орын тапты. Айта кету керек, ағаш ыдыста тағамдар ұзақ сақталады. Ұсынылған ыдыстардың ішінегі ең көнелері – ет табақ, астау, мес, теріден жасалған торсықтар, – дейді Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Жеңісбек Қадырұлы.
Ансамбль мүшелері шара барысында ән салып, қариялар бата берді. Музей қызметкерлері келген көрерменге қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды. Көрме Наурыз айының соңына дейін жалғасын таппақ.
Мақсат Көлтайұлы