Павлодарда көне музей реставрациядан өтеді

Мұражайда 140 мыңнан астам экспонат бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г.Н. Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі 1942 жылы құрылған және ХІХ ғасырдың аяғындағы ғимаратта орналасқан облыстың алғашқы музейі болып табылады.
Музей белгілі зерттеуші, этнограф, өлкетанушы және жерлесіміз Г.Н. Потаниннің есімімен аталады. Музейдін негізі – экспонаттар, артефактілер, қор қоймасында сақталатын бірегей заттар болып саналады.
– Біздің музейдің қорында түрлі экспонаттарды сақтаудың 140 мыңнан астам бірлігі бар, оның ішінде негізгі – 106 мыңнан астам, қосалқы – 33,5 мыңнан астам. Олардың ішіндегі ең маңыздылары біздің музейде көрсетіледі, – дейді мұражай басшысы Арман Алиақпаров
Бұл ретте, 2025 жылғы 11 сәуірде «ERG Көмек» Корпоративтік қоры, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Қазқайтажаңарту» ШЖҚ РМК және облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында облыстық музей ғимаратын реставрациялау жұмыстарын жүргізуге демеушілік көмек көрсету туралы шартқа қол қойылған.
Ғылыми-жобалық құжаттаманы әзірлеуші: «Қазқайтажаңарту» ШЖҚ РМК.
– Жобада ғимараттың қасбеті мен шатыры бойынша жөндеу-реставрациялау жұмыстары, қабырғалар мен іргетастың жерасты учаскелерін гидрооқшаулау көзделген. Ғимараттың сәулеттік элементтерін де қалпына келтіру қарастырылған, – деді Арман Алиақпаров.
Сондай-ақ, жыл сайынғы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Майра Шамсутдинованың ән-өнер шығармашылығы музейіндегі жөндеу жұмыстары, музей қорлары мен зертханалары.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Екібастұз қалалық тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден өтті. 2023 жылы сол мұражайда реэкспозиция өткізілді. Сол жылы Әскери Даңқ музейінде күрделі жөндеуден жұмыстары жүргізілді.