Павлодарда көпес Деровтың үйінің реставрациясы аяқталды

Павлодарда көпес Деровтың үйінің реставрациясы аяқталды
Фото: Ақмарал Есімханова

Жұмыстар жарты жылға жуық жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғимараты – республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш – толық реставрациядан өтті. Көпес Артемий Деровтың 1899 жылы салынған сауда үйі қаланың сәулеттік келбетінің маңызды нышандарының бірі саналады.

Қалпына келтіру жұмыстары биылғы мамыр айында басталып, қазан айының басында аяқталды. Жоба өңір басшысы Асайын Байхановтың қолдауымен және ERG компаниясының демеушілігімен жүзеге асты. Реставрацияға елу миллион теңге бөлініп, олар толық игерілді.

Бұл келісім ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ажар Сағандықованың белсенді қатысуымен жүзеге асқан. Ол келіссөздердің барлық кезеңінде қолдау көрсетіп, жобаның дер кезінде орындалуына ықпал етті.

Мұражай басшысы Арман Әлиақпаровтың айтуынша, жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың тарихи келбеті сақталып, бірқатар маңызды құрылымдық элементтер жаңартылған.

– Бұл – қаламыздың тарихи айнасы. Біз әрбір кірпіш пен өрнекті мұқият зерттеп, мүмкіндігінше бастапқы қалпын сақтап қалуға тырыстық. Жұмыстар аясында фасад толық қалпына келтірілді. Бұрынғы қасбеттік жарық шамдары алынып, енді біз тарихи ғимаратқа лайықты жаңа жарықтандыру жүйесін орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Реставрация барысында ғимараттың алдыңғы беті өзінің бастапқы түс реңкіне жақын ашық түспен боялды. Бұл шешім ғимараттың тарихи стилін сақтай отырып, заманауи үйлесімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Музей басшысының сөзінше, ғимаратқа дұрыс күтім жасалса, бұл нысан тағы жүз жыл тұра алады.

Бүгінде музей келушілерге есігін айқара ашып отыр. Тарихи ғимарат өзінің жаңарған келбетімен павлодарлықтар мен қала қонақтарының қызығушылығын тудырып үлгерді. 

Алдағы уақытта нысанның екінші бөлігі – бұрынғы пошта-телеграф кеңсесінің ғимараты да қайта қалпына келтірілмек. Қазіргі таңда жобаның сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Реставрация жұмыстары келесі көктемде басталып, облыстық бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Жалпы жобаның құны шамамен отыз миллион теңгені құрайды деп жоспарлануда.