Павлодарда көшеде қоқыс тастағандар жазалануда
Олар бейнежазба арқылы анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының жедел басқару орталығының операторлары тәулік бойы тек саябақтар мен скверлерде ғана емес, тұрғын үйлердің аулаларында және тыныш көшелерде де тәртіпті бақылап отыр. Енді қоқыс жәшігіне жетпей тасталған әрбір темекі тұқылы сотқа дейінгі қарауға себеп болуы мүмкін.
Бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркейді. Мысалы, Сұрағанов көшесінде екі ер адам темекі тұқылын жерге тастаған сәт камераға түсіп қалған. Осындай жағдай Торайғыров көшесінде де болған. Жанында тұрған қоқыс жәшігіне баруға ерінген тұрғын темекі тұқылын тротуарға тастаған.
– Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін құқық бұзушыларға қатысты материалдар рәсімделді. Олар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – дейді облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы бастығының міндетін атқарушы Гомар Шабиденов.
Айта кетелік, өңірде «Нөлдік төзімділік» қағидаты іс жүзінде жүзеге асырылуда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында көшелердің тазалығына бақылау күшейді. «Заң және тәртіп» қағидаты – бұл жай ғана сөз емес, қоғамда кез келген, тіпті ең ұсақ құқық бұзушылықтарға да төзбеушілік қалыптастыруға бағытталған күнделікті жұмыс.
Құқық қорғау органдары тазалықты бұзу фактілерінің барлығы тіркелетінін әрі жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.