Павлодарлық облыс жастары тоғызқұмалақта өзара бақ сынады

Ойынға 80-нен аса жасөспірімдер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жарыста Аққулы, Успен, Шарбақты аудандары мен Шақат ауылынан келген оқушылар мен ересек спортшылар бақ сынасты. Сайыс сегіз топ бойынша өтті. Оған төрт жас ерекшеліктегі қыздар мен ұлдар қатысты.
Ойын шартына сәйкес қатысушылар 9 тақта, ұяшық және ойыншыдан тұратын ерекше форматта ойнады. Халықаралық дәрежедегі бас төреші Шәріп Кашкеновтың айтуынша, бастама ұлттық мұраны дәріптеумен қатар жастардың зияткерлік қабілетін дамытуға бағытталды.
– Жалпы алда бізде бұл ғана емес көптеген додалар бар жастар арасындағы да, ересектер арасындағы да республикалық жарыстар өтеді. 14 қыркүйекте болатын ауылдық спартакиадаға біздің спортшылар тоғызқұмалақтан аттанып кетті. Соңғы екі жыл бойы тоғызқұмалақты дамытуда көш бастап келеміз. Биыл да бірінші орынға ие боламыз деген сенімдеміз,– деді ол.
Шара Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналды. Тоғызқұмалақ – қазақ халқының бай рухани мәдениетінің бірегей үлгісі. 2020 жылы ЮНЕСКО ұлттық ойынды адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізді. Қазіргі таңда Қазақстанда 200 мыңнан астам адам тоғызқұмалақпен тұрақты түрде айналысады.
– Бұл шара біздің облыста осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Балалардың қызығушылығы артып келеді, бұл бізді қуантады, – деді Шәріп Қашкенов.
Ұлттық ойын әлемдік деңгейде де дамып келеді. Бүгінгі күні тоғызқұмалақтан жеті әлем чемпионаты, алты Азия чемпионаты өтті. Қазір 100-ден астам мемлекет тұрғындары онлайн түрде ойнай алады. Әлемнің ондаған елінде арнайы федерациялар құрылып, тоғызқұмалақ халықаралық қауымдастық арасында кеңінен насихатталуда.
Жарыс обылыстық спорт бөлімінің қолдауымен өтті. Ойын соңында қатысушылар мен жеңімпаздар қалалық спорт бөлімінің мақтау қағаздары және медальдарымен марапатталды.