Павлодарда KiVa антибуллинг бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланды

KiVa бағдарламасы – Финляндияның Турку университетінде әзірленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тірек мектептердің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психолог мамандарының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Басты мақсат – KiVa антибуллинг бағдарламасы бойынша жыл бойы атқарылған жұмысты қорытындылау.
KiVa бағдарламасы – Финляндияның Турку университетінде әзірленген, ғылыми негізделген және тиімділігі дәлелденген антибуллинг бағдарламасы. Ол мектептерде буллингтің алдын алу, оған араласу және жағдайды бақылау арқылы қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Оқу жылының басында KiVa бағдарламасы төрт тірек мектепке енгізілді: Баянауыл ауданы «Зейтін Ақышев атындағы жалпы білім беретін орта мектебі», Тереңкөл ауданы «Қатша Оспанов атындағы №3 жалпы орта білім беру мектебі», Аққулы ауданы «Аққулы ауылының жалпы білім беретін мектебі», «№4 Ертіс жалпы орта білім беретін мектебі».
– Әр білім ордасында буллингтің алдын алуға бағытталған KiVa командасы құрылған. Бұл команда мүшелері сенімді тұлға ретінде танылып, арнайы модульдік сабақтар өткізіп отырады. Олар жасыл белдемше киіп, ерекше белгіге ие болады. Егер оқушылар арасында қандай да бір келеңсіз жағдай туындаса, олар еш қысылмай осы арнайы топ мүшелеріне жүгініп, көмек сұрай алады, – дейді Павлодар қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологы Динара Абуталипова.
Кездесу барысында қатысушылар түрлі кейстерді талқылап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Мұндай кездесулер нақты тәжірибе алмасуға және мектептер арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндік береді. Бағдарлама арқылы әр бала үшін қауіпсіз және мейірімді мектеп ортасын қалыптастыру маңызды.
KiVa бағдарламасының табысты жүзеге асуы мектептерде буллингтің алдын алуға және оқушылардың психологиялық әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.