Павлодарда корей мәдениеті мен К-рор сахнада тоғысты

Павлодарда корей мәдениеті мен К-рор сахнада тоғысты
Фото: автор

Өңірде алғаш рет корей мәдениетін насихаттайтын байқау өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Бір шаңырақ астында – Живем в семье единой» жазғы фестивалі аясында алғаш рет «Үздік корей орындаушылық нөмірі» байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараны «Somang» Павлодар облысы корейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі өткізді. Байқаудың басты мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, корей халқының мәдениеті мен дәстүрлерін дәріптеу және өңірдегі түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты нығайту.

Сахнада дәстүрлі және заманауи бағыттағы өнер ұжымдары бақ сынады. Қатысушылар корей билерін орындап, ұлттық барабандарда шеберліктерін паш етті, сондай-ақ K-pop жанрындағы шығармашылық нөмірлерін ұсынды. Байқау көрермендерге корей мәдениетінің  қыр-сырымен танысуға мүмкіндік берді.

«Somang» Павлодар облысы корейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Пактың айтуынша, байқауға шамамен 40 адам қатысқан.

–  Биыл алғаш рет дәстүрлі билер мен барабанда ойнау өнерін байқау бағдарламасына қостық. Бұған дейін тек K-pop фестивалі аясында ғана байқаулар өткізілетін. Бұл жобаны әзірге сынақ форматында ұйымдастырып отырмыз. Егер нәтиже жақсы болса, алдағы уақытта оны ауқымды деңгейде өткізуді жоспарлаймыз, – деді ол.

Қазылар алқасы қатысушылардың өнер көрсету шеберлігімен қатар, қойылымның көркемдігіне, костюмдердің ерекшелігіне және корей дәстүрлерінің сақталуына ерекше назар аударды. Барабаншылардың орындау техникасы мен дәстүрлі аспаптарды қолдануы да бағалау талаптарының қатарында болды.

Байқауға қатысқан «Анэ» ансамблі дәстүрлі корей билерін ұсынды. Ұжым жетекшісі Кристина Ярочкина көрермендерге жаңа қойылым дайындағандарын айтты.

–  Бүгін біз «Дунган» атты жаңа биімізді ұсынамыз. Оған 10 адам қатысады. Дайындық жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілді. Өз командамызға сенеміз және жүлделі орыннан үміттіміз, – деді ансамбль жетекшісі.

Фестиваль бағдарламасында дәстүрлі өнермен қатар жастар арасында кең танымал заманауи бағыттар да қамтылды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар түрлі этнос өкілдерінің мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, өзара түсіністік пен құрметті нығайтатынын атап өтті.

Павлодар қаласындағы корей жастары қозғалысының белсендісі Руслан Харин фестивальдің ерекше атмосферада өткенін жеткізді.

–  Көрермендер үшін көтеріңкі көңіл күй мен нағыз жазғы атмосфера қалыптастыруға тырыстық. Барабанда ойнаумен жеті-сегіз ай бұрын айналыса бастадым. Бұл өнер маған қатты ұнап, қызығушылығым күн сайын артып келеді, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Павлодар облысында корей этносының мыңнан астам өкілі тұрады. Сондықтан, мұндай мәдени жобалар арқылы корей халқының салт-дәстүрлері мен өнерін көпшілікке таныстыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.