Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жандарға бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жандарға бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Фото: Константин Шелков

Шамамен 50 адам жұмыс іздеуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара «Павлодар қаласының мансап орталығы» филиалында өткізілді.

Жәрмеңкеге қаладағы он ұйым мен кәсіпорын қатысып, 30-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Мамандықтардың қатарында мұғалімдер, тәрбиеші көмекшілері, аула тазалаушылар, аспазшылар, іс жүргізушілер, қосалқы жұмысшылар және қызмет бөлмелерін жинаушылар бар.

Шараға ондаған мүгедектігі бар павлодарлықтар келді. Қатысушылар жұмыс берушілермен сұхбаттасып, еңбек шарттары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, жұмысқа орналасуға қатысты кеңестер берілді.

- Жәрмеңкені өткізу мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, барлығына тең мүмкіндік жасауға және жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі, - деді жұмыс іздеушілерді қолдау секторы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Молдабаева.

Мұндай жәрмеңкелер ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік беріп, олардың тұрақты жұмыс табуына жол ашады. Сонымен қатар, жұмыс берушілерге маман таңдауға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға жағдай жасайды.