Павлодарда мас жүргізушілер жауапқа тартылды

Павлодарда мас жүргізушілер жауапқа тартылды

Төрт құқық бұзушыға қатысты материалдар сотта қаралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басталғалы бері мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін төрт жүргізуші тоқтатылды. Мысалы, 5 қаңтарда Толстой көшесінде Hyundai Accent автокөлігі байқалды. Оның маневрлері полицейлерге күдік тудырды. 

– Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шықты. Жүргізуші достарымен бірге қонақта ішкенін айтып, мас екенін жоққа шығарған жоқ. Сол сияқты, Естай көшесіндегі 142-үйдің жанында Nissan Gloria автокөлігі тоқтатылды, онда да жүргізуші мас күйінде болған. Куәландыру жүргізушілердің мас болғанын растады, – деді департаментте. 

Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін екі жүргізуші де жауапқа тартылып, материалдар сотқа жіберілді. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.