Павлодарда математика пәні мұғалімдерінің «регатасы» аяқталды

Павлодарда математика пәні мұғалімдерінің «регатасы» аяқталды
Фото: pexels.com / Monstera Production

Кәсіби олимпиада өңірдегі ең үздік математиктерді анықтап, республикалық кезеңге жолдама берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдап, жоғары нәтижелерге деген ұмтылысын арттыру мақсатында өткен «Математикалық регата» облыстық олимпиадасы мәресіне жетті. 

Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы ұйымдастырған бұл зияткерлік сайысқа облыстың әр өңірінен 20 таңдаулы педагог қатысты. Мұғалімдер өздерінің теориялық білімдері мен күрделі есептерді шығарудағы практикалық дағдыларын сарапқа салып, кәсіби құзыреттілік деңгейлерін паш етті, – делінген хабарламада.

Тартысты өткен олимпиада қорытындысы бойынша қатысушылардың еңбектері құпия кодтық нөмірлер арқылы әділ бағаланды. Нәтижесінде 23 ұпай жинаған Дарын Сейдуәлі оқ бойы озып шығып, бас жүлде дипломын иеленді. Сонымен қатар, І дәрежелі дипломмен Хунахан Амид марапатталса, ІІ дәрежелі жүлде Динара Дарабаеваға бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды Ботагөз Бұтабаева мен Шыңғыс Сүлейменов өзара бөлісті.

Сайысқа қатысқан барлық ұстаздардың еңбегі ескеріліп, оларға арнайы сертификаттар табысталды. Бұл шара тек білім тексеру ғана емес, сонымен қатар педагогтер арасында тәжірибе алмасуға және математикалық білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Енді облыстық кезеңнің жеңімпаздары алдағы республикалық турда өңір намысын қорғайтын болады.

Фотосуретті облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі ұсынды