Павлодарда «Мектеп-колледж-бизнес-университет» жобасы бастау алды
Қатысушылар төртжақты келісім мен бірлескен қызмет туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімінің мәліметінше, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектептің түлектері Павлодар технологиялық колледжіне түсіп, кейін «Нефтехим LTD» компаниясына жұмысқа орналаcуға, Торайғыров университетінде оқуын жалғастыру мүмкіндіктеріне ие.
Аталмыш жоба жергілікті еңбек нарығын сапалы кадрлармен қамтамасыз етіп, аймағымыздағы адами капиталды нығайтуға кепілдік береді. Жобаның мақсаты – студенттердің қазіргі заманғы стандарттар деңгейіне сәйкес сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Онда оқушыларды ерте кәсіби бағдарлау, оның ішінде бакалавриат, магистратура және докторантура немесе қысқамерзімді қайта даярлық курстары бойынша оқу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, қазақстандықтардың басым бөлігіне үйреншікті болған білім беру жүйесі түбегейлі өзгеріп жатыр. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті маман болу үшін жас ерекшелігі мен лауазымдарға қарамастан, үздіксіз білім алу керек.
Сонымен қатар, мектеп түлектері Торайғыров университетінде өндірістен алшақтамай оқуларын жалғастыра алады. Кәсіпорынның тәжірибелі жұмыскерлері жоғары оқу орнының «Күміс университет» бағдарламасы шеңберінде өзекті бағыттар бойынша қайта даярлықтан өте алады.