Павлодарда мектептердегі жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтамаған мердігерлер лицензиясынан айрылуы мүмкін

Павлодарда мектептердегі жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтамаған мердігерлер лицензиясынан айрылуы мүмкін
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Облыс орталығында 3 мектепке жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтамау қауіпі төніп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Асайын Байханов Павлодар қаласындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан № 5 мектепте болды. Мұнда есіктер мен еден жабындары ауыстырылуда, қабырғалар әрленуде, жылу және электрмен жабдықтау желілері жаңартылуда. Сондай-ақ, акт және спорт залдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі күні нысандағы жөндеу жұмыстарында артта қалушылық байқалады. Биылғы жылы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Павлодардағы 15 мектептің ішіндегі 3 нысанды уақытында аяқтамау қаупі бар. Олар № 2, 5, 14 мектептері. Бұл ретте № 2 және № 14 мектептердің мердігерлері жұмыс қарқынын үдетіп, қазір күшейтілген режимде жұмыс істеуде. №5 мектептің де мердігері жұмыстарды уақытында аяқтауды, нысандағы жұмысшылар санын көбейтуге және бірнеше ауысымда жұмыс істеуге уәде берді.

Өңір басшысы мемлекеттік органдарға бұл жұмыстарды қатаң бақылауға алып, оқу жылының уақтында басталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Әйтпесе, мердігерлерге әкімшілік сипаттағы шаралар қолданылады (лицензиядан айыру және жосықсыз деп тану).

Сонымен қатар, Асайын Байханов облыстың үш қаласындағы мектептер аумағына қажетті асфальт төсемінің көлемін есептеп, келесі жылы осы жұмыстарды облыс орталығының балабақшаларында жүргізілген жұмыстар сияқты жүргізуді тапсырды. Естеріңізге саламыз, биыл Павлодар қаласының 43 мектепке дейінгі мекемесінің аумағына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев