Павлодарда мереке қарсаңында музыкалық бинго өтті
Жастар бастамаларын дамыту орталығында «New Year's Vibes» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл іс-шара «Jastar Vibe» жобасы аясында музыкалық бинго форматында өтіп, дискотекалық көңілді кешпен аяқталды.
Аталмыш жоба биылғы жылдың басынан бастап жұмыс істеп келеді. Әр жұма күні кешке осында түрлі тақырыпта ойын-сауық іс-шаралары өткізіледі – косплей, үстел ойындары, пижамалық кеш, «Гарри Поттер», Хэллоуин және тағы басқа тақырыптағы шаралар.
– Біздің мақсатымыз – жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету. Әр іс-шара туралы әлеуметтік желілерде хабарландыру жариялаймыз және жастар бұл шақыруға әрқашан жауап береді. Бізге әрдайым 50-ден астам адам келеді, – дейді Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рақымжанов.

«New Year's Vibes» мерекелік кешіне осы жолы қатысушылар саны одан да көп болды. Көптеген қатысушылар жаңа жылдық стильде киініп, ерекше атмосфера құрып, шараға өз үлестерін қосты. Келгендердің басым бөлігі – мектеп оқушылары, студенттер, волонтёрлар, сондай-ақ «Ассамблея жастары» мүшелері болды. Олардың бірі – Торайғыров университетінің студенті, татар-башқұрт мәдени орталығының мүшесі Нұрғали Әлмұханов.
– Мен этноконфессиялық бірлестікке бес жылдай мүше болдым. Кіру себебім – өз ұлтымның дәстүрлерімен тереңірек танысу еді, содан бері орталықтың өміріне белсене қатысып келемін. Бұрын ансамбльмен бірге өнер көрсеткенмін, бірақ университеттегі сессия кезінде уақыт болмады, – дейді ол. – Музыкалық бингоға бірінші рет қатысып тұрмын. Мұндай ойын-сауықтарға әрқашан қолдау көрсету керек.

Музыкалық бинго ойыны лотоға ұқсас форматта өтеді. Қатысушылар топтарға бөлініп, танымал әндердің тізімі бар парақшалар алып, музыка қосылғанда олар сол әндерді белгілеп, бірге қосылып айтады. Көбі би билеп, ең белсенділеріне шағын сыйлықтар беріледі. Барлық ән тізімін толтырған адам бірінші болып «бинго!» деп айтады. Бірақ ең маңыздысы – жеңіс емес, қатысу процесі, өйткені ол қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлайды.

Барлық қатысушылар музыкалық бингоға белсене қатысып, оның аяқталуынан кейін дискотекада би биледі.