Павлодарда металл қабылдау пунктілерінің жартысында бейнебақылау камералары жоқ
Учаскелік полиция инспекторлары криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қара және түсті металдарды қабылдау пункттерін тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл рейдтер азаматтардың мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұрланған мүлікті сатып алудың алдын алуға бағытталған.
– Көп жағдайда металдарды қабылдау пункттеріне тапсыру арқылы пайда табу үшін металдарды ұрлайды. Барлығы 31 металл қабылдау пункті тексерілді. Оның 15-інде бейнебақылау камералары жоқ. Иелеріне аталған бұзушылықтарды көрсетілген мерзімде жою қажет, – деп хабарлады Павлодар қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Қанат Дүйсекенов.
Полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шара барысында қара және түсті металдарды қабылдау пункттерінің лицензияларын тексерді. Бұдан басқа, ұрлық жасауға жол бермеу, азаматтардың құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы және ұрланған мүлікті сату фактілеріне уақтылы ден қою бойынша профилактикалық әңгімелер жүргізілді.