Павлодарда мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған
Сайлау учаскелерінде кедергісіз орта ұйымдастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№56 учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Алма Ерубаеваның айтуынша, бұл учаскеге екі мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
– Мұнда барлық қажетті жабдықтар бар. Яғни бөлек дауыс беру кабинасы, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған бұрыш ұйымдастырылған, аудио және бейне ақпарат, сурдоаударма, үлкейткіш әйнек қарастырылған, – деді Алма Ерубаева. – Ақпараттық стендтердегі барлық ақпараттар мүгедектер арбасымен қозғалатын адамдарға оқуға ыңғайлы етіп орналастырылған. Біздің учаскеде арбамен жүретін төрт сайлаушы бар, ал есту қабілеті бойынша бір адам тіркеуде болса, тағы біреуі - көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар сайлаушы.
«AMANAT» партиясынан бақылаушысы Анара Шерниязованың айтуынша, учаскеге алғаш болып аға буын өкілдері келген.
– Әзірге комиссия жұмысына қатысты ешқандай ескерту жоқ, – дейді бақылаушы. – Біз бұл учаскені жабылғанға дейін, яғни кешкі сағат сегізге дейін бақылап отырамыз.
Бірнеше адам өз өтініштеріне сәйкес үйінде дауыс беру мүмкіндігін алады. Оларға жылжымалы жәшікпен сайлау комиссиясының мүшелері барады.