Павлодарда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы басталды
Жоба аясында барлық мектептерде аналар кеңесі мен әкелер кеңесін ашу көзделуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мәлімдеуінше, отбасы институтын нығайту мақсатында Павлодар облысының білім басқармасы аналар кеңесінің төрағасымен бірлесіп "Аналардың кеңесі-тәрбиенің бастауы" атты дөңгелек үстел отырысын өткізді. Отырыс жұмысын білім басқармасының бас маманы Гүлсім Рамазанова ашты. Спикер өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі аналар кеңестері мен әкелер кеңестерінің рөлін атап өтті, білім беру ұйымдары үшін негізгі міндеттерді белгіледі.
Ал Павлодар облысы аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Максилова мектеп жанынан аналар кеңесін құруды ұсынды.
- Біздің басты мақсатымыз-«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» деген жобаны іске асыру. Ол үшін барлық мектептерде аналар кеңесі мен әкелер кеңесін ашуды ұйғарып отырмыз. Қазір балалардың тәрбиесі өзекті мәселе болып отыр. Ал егер аналар мен әкелер кеңесі бірге жұмыс істеп, ұстаздарға көмек берсек, біздің балаларымыз тәрбиелі болып шығады деп сенеміз, - деді Бақытжамал Максилова.
Жиында "Сенім мен болашақ" республикалық қоғамдық бірлестігінің қызметі мен негізгі миссиясы туралы облыстық филиал басшысы Қызыр Жанарыс айтып берді.
- Біздің басты мақсатымыз – бала тәрбиесі бойынша ата-аналарға бағыт-бағдар беру. Әсіресе, әкелердің отбасындағы рөліне мән береміз. Бүгінде аймақ мектептерінде әкелер кеңестері құрылды. Қазіргі уақытта әкелер кеңесінің мүшелері аналар кеңесінің жұмысына етене араласып, қоғамдық жиындарға қатысып жүр, – деді Қызыр Жанарыс.
Жиын соңында Павлодар сервис және тамақтану колледжінің аналар кеңесінің төрағасы Ольга Пфафенгут қатысушыларға арнайы тренинг ұйымдастырды.