Павлодарда Наурызнама аясында әскери қызметшілер қайырымдылық жасады

Павлодарда Наурызнама аясында әскери қызметшілер қайырымдылық жасады
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан

Жиналған азық-түліктер Павлодар қаласындағы орталық мешітке жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Наурызнама онкүндігі аясында Қайырымдылық күніне орай арнайы қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Игі шараның басты мақсаты – мұқтаж жандарға қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын насихаттау.

Акция барысында әскери бөлімнің әскери қызметшілері белсенділік танытып, аз қамтылған отбасыларға арналған азық-түлік өнімдерін жинады. 

Жиналған азық-түліктер Павлодар қаласындағы орталық мешітке жеткізілді. Алдағы уақытта бұл көмектер мешіт арқылы әлеуметтік жағдайы төмен және көмекке мұқтаж отбасыларға таратылатын болады.

Әскери бөлім өкілдерінің айтуынша, мұндай бастамалар қоғамдағы бірлік пен жанашырлықты арттыруға бағытталған.

– Қайырымдылық – қоғамдағы мейірімділік пен өзара көмектің жарқын көрінісі. Әскери қызметшілер ел қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік бастамаларға да белсенді қатысып келеді, – деді бөлімнің баспасөз қызметінде. 

Айта кетейік, Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылып жатқан осындай игі шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қайырымдылық пен адамгершілік қағидаларын кеңінен насихаттауға өз үлесін қосуда.