Павлодарда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталады
Бастама бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Наурыз мерекесі қарсаңында елімізде 13–23 наурыз аралығында ауқымды республикалық «Nauryz Sale» акциясы басталады. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.
Акция кезеңінде сауда субъектілері халыққа азық-түлік және азық-түлік емес тауар топтарына 10–70 пайыз аралығында мерекелік жеңілдіктер ұсынады. Акциялық тауарлар сауда залдарында арнайы мерекелік навигация және «Nauryz» фирмалық безендіруі арқылы белгіленеді. Атап айтқанда, тақырыптық баға белгілері, брендтелген көрсеткіштер, баннерлер және басқа да POS-материалдар орналастырылып, сатып алушыларға ассортиментте оңай бағдарланып, жеңілдікпен ұсынылған тауарларды жылдам табуға мүмкіндік береді.
Акцияға Қазақстандағы ішкі сауда саласының шамамен 300 субъектісі қатысады. Олардың қатарында 140 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық орталығы, 140 сауда желісі және 20 электрондық сауда субъектісі бар. Қатысушылар қатарында Павлодардағы Супермаркет «Greenwich», «Small», «INMART», «Ваш», «Пахомовский», «Планета мебели», «Batyr mall», «Miras», «Atrium», «City center», «Манақбай», «Гулливер», «Старый город», «Старый ЦУМ», «Артур», «Квазар», «Тулпар», «Новый ЦУМ» тәрізді ірі сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтары бар.
Акция аясында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылады. Сауда орталықтарында қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылатын болады.