Павлодарда оқушылар арасында айтыс ұйымдастырылмақ
Жыр додасы ақынның құрметіне өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі», айтыскер, ақын, сазгер, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбектің 50 жас мерейтойына орай «Ұстаздық еткен жалықпас» атты республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылады.
Асығат Тұрғанбек Баянауыл ауданының Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Айтыскер және жазба ақын ретінде кеңінен танымал 2005 жылы, Баянауылда өткен Жаяу Мұсаның 170 жылдық мерейойындағы республикалық айтыстың жеңімпазы, өзге де айтыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, жүлдегері, 2008 жылы Астана қаласында өткен «Астана жүрек» республикалық мүшәйрасының жүлдегері және Павлодар қаласында өткен Павлодар облысы қаламгерлері байқауының Дихан Әбілов атындағы сыйлығының иегері. 2009 жылы Павлодар облысының мәдениет пен өнер саласының дамуына қосқан маңызды жеке үлесі және мәдени әлеуетті нығайтуға бағытталған белсенді де жемісті еңбегі үшін «Айтыскер ақын» аталымы бойынша облыс әкімінің грантымен марапатталған. Өлеңдері облыстық басылым беттерінде, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде, өзге де мерзімді басылымдарда жарияланған.
Айтыс 27 қыркүйек күні, сағат 10:00-де «Шаңырақ» орталығында өтеді. Кіру – тегін.