Павлодарда оқушыға қол көтерген күзетші қызметінен шеттетілді

Мектеп әкімшілігі күзет агенттігіне наразылық хатын жолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанат Асаинова №36 мектепте болған оқиғаға қатысты ресми ақпарат берді.
– Белгілі болғандай, аталған мектепте күзетші қызметін атқаратын «Элекор» күзет агенттігінің қызметкері 2012 жылғы 2 қазанда туған 6 «З» сынып оқушысын кеуде тұсынан итеріп жіберген. Мектеп әкімшілігі оқиғаға байланысты тексеріс жүргізіп, бейнебақылау камераларының жазбаларын қарады. Бейнематериалдардан күзетшінің оқушыға күш қолданғаны анық расталды. Мектепке баланың анасы келіп, 102 және 103 қызметтері шақырылды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін білім ордасына полиция қызметкерлері мен «Элекор» күзет агенттігінің өкілдері келді, – деді ол.
Құқық қорғау органдары алдын ала тергеу жүргізіп, бейнежазбаларды зерттеуде және куәгерлерден жауап алуда.
Мектеп басшысынан түсініктеме алынып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бақылаудың әлсіреуіне байланысты оған тәртіптік шара қолданылды.
– №36 мектеп әкімшілігі «Элекор» күзет агенттігі басшылығына наразылық хатын жолдады. 20 ақпан күні мектеп күзетшісі қызметінен шеттетіліп, орнына басқа қызметкер тағайындалды. Сондай-ақ, барлық мектеп қызметкерлеріне оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша нұсқаулық берілді, – деп толықтырды Жанат Асаинова.
Сонымен қатар, қалалық білім бөлімі білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын сақтау және білім алушылардың денсаулығы мен өмірін қорғау бойынша бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейту мақсатында мектеп директорларымен кезектен тыс жиналыс өткізді.
Еске сала кетейік, полиция қызметкерлері күзетшінің мас күйде болған-болмағанын анықтау үшін оны медициналық тексеруге жіберді. Жедел жәрдем дәрігерлері баланы тексеріп, визуалды қарау нәтижесінде кеуде қуысының жұмсақ тіндерінің зақымданғанын анықтады.