Павлодарда палуандар мен жаттықтырушыларға жаңартылған ережелер түсіндірілді
«Бірлік» спорт кешенінде Біріккен әлемдік күрес ұйымының (UWW) жаңартылған ережелеріне арналған республикалық семинар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оған Қазақстанның әр өңірінен жаттықтырушылар, төрешілер мен спортшылар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – еркін күрес ережелеріндегі өзгерістерді талқылап, қатысушыларды алдағы ел чемпионатына дайындау.

Семинарды Қазақстанның төрешілер корпусының төрағасы, Олимпиадалық санаттағы төреші Ерік Жұмабеков өткізді. Ол жергілікті ұйымдастырушылардың шақыруымен Павлодарға арнайы келген. Оның айтуынша, ережелерді қосымша түсіндіру қажеттілігі олардың ірі халықаралық жарыстарда, соның ішінде Астанада өткен әлем чемпионатында қолданылуымен байланысты.
– 30 қарашада Оралда басталатын ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты қарсаңында барлық өңірдің жаттықтырушылары мен спортшылары жаңа талаптарды жақсы білуі керек. Күрес те шахмат сияқты: ережені білмеу жеңіліске әкелуі мүмкін. Тіпті шағын өзгерістердің өзі белдесу тактикасы мен нәтижесіне әсер етеді, – деді Ерік Жұмабеков.
Маңызды жаңалықтардың бірі кілемнің шетінде өтетін белдесулерге қатысты. Енді белгілі бір жағдайларда партер қалпында қарсыласын кілем сыртына ығыстырған палуанға бір ұпай беріледі. Бұрын мұндай әрекеттер үшін ұпай берілмейтін жағдайлар болған. Осыны пайдаланған кейбір спортшылар әдейі партерге отырып, белдесу уақытын созуға тырысатын.

Жаңартылған ережелерде енжарлық танытуға және белдесуден әдейі жалтаруға қатысты талаптар да күшейтілген. Жағдайға қарай спортшыға ескерту жасалып, қарсыласына бір ұпай берілуі мүмкін. Ал қарсыласын тұрып күресу кезінде кілем сыртына ығыстыру өздігінен ұпай әкелмейді.
Ерік Жұмабековтің айтуынша, бұл өзгерістер ережелерді түбегейлі қайта қарауды емес, негізінен техникалық мәселелерді нақтылауды көздейді. Кілемнің өлшемі мен спортшылардың киіміне қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады. Дегенмен жаңа ережелерді жетік меңгеру палуандардың тактикалық дайындығына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.
Павлодар облысының еркін күрестен бас жаттықтырушысы Әсет Зенов жаңартылған ережелер Қазақстанның белгілі бір өңірінің спортшыларына артықшылық бермейтінін атап өтті. Алайда халықаралық аренада жаңа талаптарды дұрыс қолдана білу күштердің арақатынасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай оқыту семинарлары жаттықтырушылар мен палуандар үшін аса маңызды.
Сонымен қатар ол күрес саласын дамытуда әдістемелік қолдаумен бірге жаттықтырушыларға, әсіресе жас мамандарға материалдық тұрғыдан да көмек көрсетіледі деген үмітін білдірді.
Теориялық бөлімнен бөлек, қатысушылар үшін практикалық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Оны Қазақстан Республикасының спорт шебері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Павлодар қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы Қайрат Әміртаев өткізді. Ол күрес әдістерін көрсетіп, палуандарды даярлау бойынша кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Семинар Жұматай Кенжегалиевті еске алуға арналған еркін күрестен XXIII турнирге дайындық аясында өтті. Жарыс 21 қарашада «Бірлік» спорт кешенінде басталады. Салтанатты ашылу рәсімі сағат 15:30-ға жоспарланған.