Павлодарда полицейлер оқушылармен тоғызқұмалақтан сайыс өткізді

Павлодарда полицейлер оқушылармен тоғызқұмалақтан сайыс өткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кездесу тәртіп сақшылары мен мектеп оқушылары арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері мен Шапық Шөкин атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары тоғызқұмалақтан зияткерлік сайыста кездесті. Ерекше форматтағы шара Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылды.

– Көшпенділердің көне ойыны саналатын тоғызқұмалақ қатысушыларға бейресми ортада қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді. Достық атмосферада өткен сайыста полицейлер мен оқушылар тактикалық шеберліктерін көрсетіп, тәжірибе алмасты, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар полиция қызметкерлері туралы қалыптасқан стереотиптерді өзгертіп, олардың ашық әрі ұлттық мәдениетті құрметтейтінін көрсететінін атап өтті.

– Осындай кездесулер – жай ғана ойын емес, бұл полиция мен жас ұрпақ арасындағы сенімді нығайтудың маңызды қадамы. Ұлттық құндылықтар арқылы біз жастармен ортақ тіл табамыз, олардың қызығушылықтарын қолдауға дайынбыз, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінің өкілдері.

Кездесу қорытындысында қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сақтау өскелең ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мұндай шаралар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, ұлттық мұраға деген құрметін арттыратыны айтылды.

Фотосуретті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынды