Павлодарда самокатшыларға жағалауға кіруге тыйым салынуы мүмкін

Жарақат алу жағдайларына байланысты электросамокатқа шектеу күшейді, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
Әзірге бұл талаптар қаланың жағалау бөлігінің орта және жоғарғы бөліктеріне қатысты. Құқық қорғау органдары бұл көлік құралының адам өміріне қауіпті екенін ескертеді.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызыметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаевтың айтуынша, электросамокат – жарақат алуға жиі себеп болатын көлік түрі, әсіресе адамдар көп шоғырланған аумақтарда қатер төндіруі мүмкін.
– Жағалау аумағын толықтай «қызыл аймақ» деп белгілегіміз келеді. Себебі, самокатпен адамдарды қағып кету деректері көбейді. Әр жүргізушіні жеке тоқтату мүмкін емес. Әзірге ескерту айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді ол.
Спикер самокатпен жүру ережелерін еске салды: қолды рөлден жібермей басқару, жолаушы немесе зат тасымалдауға тыйым салу, жол бөлігін жаяу кесіп өту. Сондай-ақ жылдамдық шегін сақтаған дұрыс: көшеде – 25 км/сағ, аулада – 20 км/сағ.
Электросамокаттармен тротуармен, жаяу жүргіншілер және веложолдармен жүруге рұқсат етіледі. Егер арнайы веложолақ болмаса, салмағы 35 келіден аспайтын самокаттар тротуармен қозғала алады. Азамат Күркебаев ата-аналарға балаларына скутер, мопед сатып алмауға кеңес береді. Оның айтуынша, бұл көлік – ең қауіптілердің бірі. 5 сәуірден бастап мопед жүргізу үшін полицияда тіркеу және A1, A немесе B санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. Ереже бұзушылар айыппұл арқалап, көлігі айыптұраққа қойылады.
Еске сала кетейік, 18 маусымда самокат айдаған әйел Мәшһүр Жүсіп көшесінде бес жасар баланы қағып кеткен. Ол үшін 10 АЕК (шамамен 39 320 теңге) көлемінде айыппұл төледі.
Жансая Мәлік