Павлодарда «Шаңырақ» орталығының есеп беру концерті өтті

Павлодарда «Шаңырақ» орталығының есеп беру концерті өтті
Фото: автор

Іс-шара ашық алаңда ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени кешке айналған  концертте орталықтың барлық 10 шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Әр ұжым өз бағыты бойынша жыл бойғы ең үздік бағдарламаларын ұсынды. Халық және эстрадалық әндер шырқалып, би қойылымдары орындалды.

«Шаңырақ» орталығы оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Алиша Мұратқызының айтуынша, бұл концерт жыл сайынғы дәстүрге айналған, алайда биылғы ерекшелігі – ашық алаңда, Ертіс жағалауында өтуі.

– «Шаңырақ» орталығы есептік концертін жыл сайын өткізіп отырады. Биылғы концерттің ерекшелігі  80-ге жуық қатысушы өнер көрсетті. Ата-аналар мен қала тұрғындарының алдында өнер көрсету – біздің шығармашылық ұжымдар үшін үлкен мәртебе, – дейді Алиша Мұратқызы.

Кешке белсенді қатысқан өнерпаздардың бірі – орталық әншісі Наурыз Ерсайынұлы қалай дайындалғаны жайында өз ойымен бөлісті.

Біз бұл концертке арнайы дайындалдық. Күнделікті қызу жаттығу мен репетициялардан өттік. Сахнада халық әндері, дәстүрлі және эстрадалық әндер, түрлі би қойылымдары орындалады. Мен өзім эстрадалық әндер орындаймын, – дейді ол.

Есептік концерті — тек өнер мерекесі ғана емес, сонымен қатар, шығармашылық ұжымдардың жыл бойғы еңбегін көрсететін үлкен мәдени оқиға. Ертіс жағалауындағы кеш көрермендердің зор ықыласына бөленіп, павлодарлықтар үшін әсерлі сәттерге толы болды.

Жансая Мәлік