Павлодарда шығармашыл тұлғалар үшін арнайы орталық ашылды
Оған кез-келген жастағы адам қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Шығармашылық бөлімше облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында жұмыс істейді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, жаңа құрылым бұрын әртүрлі мәдениет мекемелерінде жұмыс істеген барлық шығармашылық бағыттарды біріктіреді.
– Шығармашылық орталық өңірдің өнер әлеуетін арттыруға, жаңа идеяларды қолдауға және мәдениетті заманауи бағытта дамыту үшін ашылды. Бұрын әр орталық жеке жұмыс істеді: қолөнер, Потанин атындағы облыстық музей жанындағы ағаш және металл ою, көркемсурет мұражайы жанындағы көркемдік бағыт, «Шаңырақтағы» эстрада. Енді олардың барлығы бір жерде тоғысты. Біз толыққанды шығармашылық өнімді құрудың алғашқы қадамын жасаймыз. Ең бастысы – шығармашылықты қолдау, – деді Медет Тауасқан.

Жаңа формат мәдениет қайраткерлері мен мекеме қызметкерлерінің алдында тұрған практикалық мәселелерді шешуге көмектеседі. Мысалы, Наум Шафердің грампластинкалар мұражай үйінің өкілдері орталық бай музыкалық мұраны цифрландыруды дамытуға көмектеседі деп үміттенеді. Мұражай қорында 23 мыңнан астам жазбалар бар: патефон, винил, граммофон. Пластинка –музыканың мәңгілік сақтаушысы, алайда олар нәзік болып табылады.

Мекеме басшысы Мағзия Әбенованың айтуынша, осы бай жинақтың ішінде Қазақстан халықтарының музыкасының сирек жазбалары, сондай-ақ қазақ музыкалық мәдениетін бейнелейтін жазбалардың едәуір данасы бар. Оларды болашақ ұрпақ үшін сақтау керек.
– Жазбалардан Күләш Бәйсейітованың, Әміре Қашаубаевтың және басқа да көрнекті қазақ қайраткерлерінің алтын дауыстарын естуге болады. Бүгінгі таңда бұл дауыстар патефондар мен ойнатқыштардың арқасында қол жетімді, бірақ орталықтың ашылуы – қазақ ұлттық мәдениетінің алтын қорын одан әрі дамыту және сақтау мүмкіндігі. Егер бізге көмектескісі келсе, бұл керемет болар еді, – дейді Мағзия Әбенова.
Цифрландыру мәселесі ерекше қиындық тудырады. Бұл туралы Наум Шафердің өзі де айтқан. Оның айтуынша, өңірде аналогтық дыбыспен жұмыс істеуге қабілетті білікті филофонистер жетіспейді.
– Бір жазбаны цифрландыру бір аптаға созылады. Ол үшін тыныштық, заманауи техника, дыбыс инженері, оператор қажет. Цифрландыру жазбаларды сақтауға көмектеседі, өйткені оларды шексіз ойнатуға болмайды. Егер ине түтіккен болса, жазба нашарлайды, сыртқы дыбыстар пайда болады, жолдар кеңейеді. Дыбысты таза түрде есту үшін қорларды шамадан тыс жүктеуге болмайды. Жылдам цифрландырсақ – тез бұзылады. Олай жасауға болмайды, – деді Мағзия Әбенова.

Іске асырылған жобалардың қатарында биылғы жылдың көктемінде Ұлттық киім күніне орай павлодарлық Айзат Байтенованың этно – көрсетілімі бар. Көрсетілім үш блоктан тұрды. Бірінші бөлімде өзекті сән үрдістерімен үйлесетін қазақ өрнектері бар заманауи модельдер ұсынылды.
Қолөнершілер тек әшекейлеп қана қоймай, өз тарихын баяндайтын ою-өрнектері бар көйлектер мен твид шапандарын жасады. Олардың ішінде – қазақ өрнектері Мұқағали Мақатаевтың поэзиясының «Қасиетті тілімнен түңілмедім...» жолдарымен тоғысатын бірегей модельдер бар. Сондықтан коллекция «Оюлар сөйлейді» деп аталды.
Қазір тігіншілер командасы киім тігуге тапсырыс қабылдайды және салонда жұмыс істейді. Бұл шығармашыл павлодарлықтардың креативті орталығын қалай қолдай алатынының бір ғана мысалы.