Павлодарда стихиялық қоқыс орындарымен күрес қалай жүріп жатыр
Облыс орталығында ең ластанған жерлер аталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Рұқсат етілмеген және стихиялық қоқыс орындарының нүктелері қала бойынша жеткілікті. Көбіне адамдар машиналармен құрылыс және тұрмыстық қоқыстарды шығарып отырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласының ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Арман Құсайынов мәлімдеді.
–Ең лас жерлер - Жібек Жолы көшесіндегі айналма жолдар. Ол толығымен Солтүстік және Шығыс өнеркәсіптік аймақты қамтиды. Сондай-ақ, жол жиектерінде тұрмыстық қоқыс өте көп. Зеленстрой, Лесозауыт шағын аудандарында және шағын айналма жолда да заңсыз қоқыс орындары орналасқан. Яғни ірі кәсіпорындардың жанында,– деді Арман Құсайынов.
Наурыз айының басынан бастап экология департаментімен және басқа да құрылымдармен бірлесіп осындай қоқыс жерлерді жою бойынша жұмыстар атқарылуда.
– Стихиялық қоқыс орындарының көп бөлігін жойдық. Қазір шағын айналма жол мен Суворов зираты арасындағы қоқыс жыйналуда. Бүгінгі таңда ТҮКШ бөлімі он мың тоннадан астам қоқыс шығарды,–деді спикер.
Былтыр сәуірде осындай қоқыс орындарын тазалауға мыңнан астам адам жиналған еді. Заңсыз қоқыс шығару орны Малайсары батыр көшесіндегі 53 және 55 мекен-жайында болған. Тұрғындар жылдар бойы құрылыс қоқыстары мен тұрмыстық қалдықтарды шығарып келген. Сол кезде қоқысты толығымен жинағаннан кейін саябақ құру жоспарланған еді. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл тек сөз жүзінде ғана қалып келеді.
– Өткен жылы Малайсары батыр көшесінде ауқымды сенбілік өткізілді. Бұл аумақ үнемі бақылануда. Қазірдің өзінде дәл сол кездегідей стихиялы қоқыс орны байқалмайды. Ұсыныстар әртүрлі, бірақ әзірге нақты жоба жоқ. Әкімдік бұл учаскені абаттандыру үшін қарастырып жатыр, - деді Арман Құсайынов.
Полиция департаментінің мәліметінше, бүгінде 1447 адам қала аумағын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млн 915 мың теңгені құрайды.