Павлодарда су желісіне қосылуға өтініш беру тәртібі өзгерді
Техникалық шарт алу үшін құжаттар енді «Павлодар-Водоканал» кеңсесінде қабылданбайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС мәліметінше, өзгеріс 12 шілдеден бастап күшіне енген. Ол сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосылуға техникалық шарт беру тәртібіне қатысты.
Бұған дейін тұтынушылар тиісті өтінішті кәсіпорын кеңсесі арқылы бере алатын. Енді құжаттарды қабылдау бұл тәсілмен жүргізілмейді.
– Өтініштерді беру және оларды қарау нәтижелерін алу тек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Цифрлық үкімет» веб-порталы, уәкілетті органның цифрлық жүйесі, сондай-ақ Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесі арқылы жүзеге асырылады, – деп хабарлады кәсіпорында.
Жаңа тәртіп Қазақстанның «Табиғи монополиялар туралы» заңына енгізілген өзгерістерге байланысты қолданылады.