Павлодарда суретші Айдана Мерғалиеваның жеке көрмесі ашылады
Экспозицияда 40-қа жуық туынды ұсынылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің мәліметінше, суретші 1990 жылы Баянауыл ауданындағы Сәтбаев ауылында дүниеге келген. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Архитектура» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оның шығармашылық жолының қалыптасуына Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Зура Асылғазина ықпал еткен.
Айдана Мерғалиева 2024 жылы «Қимақ-Арт» республикалық пленэріне қатысып, Н.Нұрмұхаммедов атындағы музейде өткен Суретшілер одағы мүшелерінің есептік көрмесіне де өз жұмыстарын ұсынған. Сонымен қатар «Айна» галереясындағы «Ұстаздан – шәкіртке» жобасына қатысқан.
Педагог ретінде заманауи оқыту әдістерін қолдана отырып, әдістемелік еңбектер әзірлейді. Оның шәкірттері халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Солардың бірі – Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен көрмеге қатысуы.
Суретші матаға акрилмен сурет салу және қабырға безендіру бағытында жұмыс істейді. Экспозицияда 40-қа жуық туынды ұсынылады.
– Көрме мазмұны суретшінің ішкі әлемі, отбасы құндылықтары, аналық сезім және туған жерге деген сүйіспеншілік тақырыптарымен үндеседі. Ұлттық нақыш пен сәндік мәнердің үйлесімі, түстерді дәл сезіну мен эмоциялық тереңдік негізгі ерекшеліктердің бірі ретінде көрініс тапқан, – деді ұйымдастырушылар.
Ашылу салтанаты 30 сәуір күні сағат 16:00-де Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде өтеді.