Павлодарда тұрғын үй сертификатын алуға өтініштер қабылдануда
Сертификаттың мөлшері бір миллион бес жүз мың теңгеден аспайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәлімдеуінше, тұрғын үй сертификатын белгілі санаттағы адамдар ғана ала алады.
- Сертификатты әуелі мүгедектігі бар балалары немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар мен көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері ала алады, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларында сұранысқа ие мамандар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер де әлеуметтік көмекке ие бола алады.
Қаржылай қолдауға ие болу үшін аталған 7 санаттағы адамдар төмендегі құжаттарды әзірлеуі керек.
Қажетті құжаттар тізімі:
1) нысан бойынша өтініш;
2) өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);
3) Еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызмет бойынша соңғы 6 (алты) айдағы табысы туралы анықтама (отбасының барлық мүшелеріне (жұбайына), кәмелетке толмаған балаларына));
4) жұмыс орнынан анықтама;
5) өтініш берушіге тұрғын үй сатып алуға ипотекалық тұрғын үй қарызын беруді мақұлдау туралы ЕДБ-нің хаты, онда ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның сомасы, мөлшері және ай сайынғы төлемнің сомасы туралы мәліметтер қамтылады.
Айта кетелік, қосымша кеңесті Павлодар қаласы, Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша, “Open Pavlodar” фронт-кеңсесі, № 4 үстелден алуға болады.