Павлодарда тәлімгерлікке үміткерлерді даярлау басталды

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтар міндетті оқытудан өту қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 30 сәуірде № 97 бұйрығына сәйкес, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгер болғысы келетін азаматтарға міндетті оқыту енгізілді. Бұл жүйе 2025 жылғы 30 сәуірден бастап күшіне енді.
– Енді тәлімгерлікке үміткерлер оқудан өткеннен кейін ғана олардың біліктілігін растайтын сертификат ала алады. Бұл міндетті сертификаттау жүйесін енгізу – балаларға сапалы қолдау көрсетудегі маңызды қадам болып табылады. Тәлімгерлікке үміткерлерді оқытатын ұйым: «Үміт үзбеу» қоғамдық қоры. Байланыс телефондары: 8(775)5802803, 8(777)9346858, – делінген хабарламада.
Үміткерлер алдымен жазбаша өтініш беріп, қажетті құжаттарды ұсынады. Оқу ұзақтығы екі аптадан аспайды. Курсты аяқтағаннан кейін тестілеу өткізіледі, тек оны ойдағыдай тапсырғаннан кейін ғана сертификат алуға мүмкіндік бар.
Тәлімгер бола алатын азамат Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы болуы тиіс және қорғаншылар мен қамқоршыларға қойылатын талаптарға сәйкес келуі қажет.
Тәлімгерлік өтеусіз негізде жүзеге асырылады және 10 жасқа толған, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы балаларды қолдауға бағытталған.