Павлодарда таксиге мінген жолаушының жағын сындырған әйел жазаланды

Павлодарда таксиге мінген жолаушының жағын сындырған әйел жазаланды

44 жастағы әйел адам таксиде отырған жолаушыға бір шапалақпен денсаулығына зиян келтірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы №2 соты баспасөз қызметігің мәліметінше, былтыр қыркүйек айында қонақтан шыққан 44 жастағы әйел мас күйінде болғандықтан такси шақыруға бел буады. Көлікте басқа жолаушы отырғанын байқаған ол такси жүргізушісіне ескерту жасаған. Ал оған бейтаныс әйел: «Мен сені жеймін бе?» деп сөз қайтарып, отырған жолаушымен сөзге келіп қалған.  Діттеген орнына жетіп алған әйел адам көліктен түсіп, алдыңғы есікті ашқаннан кейін екінші жолаушының бетінен шапалақпен салып қалған. Салдарынан көліктегі әйелдің төменгі жағы сынып, денсаулығына орташа деңгейде зиян келтірілген. 

Сот үкімімен жапа шеккен әйел өзіне келтірілген моральдік зиянның сомасын 300 000 теңге көлемінде  бағалаған. Сондай-ақ сотталушыны бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады. Сот талап арызды толық көлемде қанағаттандырды. 

– ҚР ҚК 1-бабының 107-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін әйел адам кінәлі деп танылып, оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды, – деді баспасөз қызметінде. 

Айта кетейік, сот отырысында айыпталушы тағылған кінәсін толық мойындады.

Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті