Павлодарда танысын қорлаған ер адамға айыппұл салынды

Павлодарда танысын қорлаған ер адамға айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол әйелге WhatsApp арқылы балағат сөздер жазған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айнұр Бекмұхамбетованың айтуынша, облыс орталығы тұрғынының жеке нөміріне оның танысынан ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын балағат сөздер айтылған дауысты хабарламалар келіп түскен.

Жәбірленуші сотқа шағым түсірді. Павлодарлық азамат өз кінәсін мойындады. Сотталушының телефонынан жәбірленушінің телефонына жіберілген аудио хабарламалардың барын нотариус растады.

 – Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 131-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, – деді Айнұр Бекмұхамбетова. – Оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 69 мың теңге айыппұл салынды.

Судьяның айтуынша, қорлау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініштер жәбірленуші немесе қорлаған адам тұратын аудандық немесе қалалық соттарға беріледі.

 – Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 131-бабына сәйкес, қорлау – бұл басқа адамның ар-намысын және қадір-қасиетін әдепсіз түрде қасақана қорлау, – деп нақтылады Айнұр Бекмұхамбетова.

Сот сөздердің қорлау сипатына ие екенін анықтағанда, олардың контекстін, кімге бағытталғанын, жағдайларды және мораль нормаларын ескереді.

Егер сөздердің шын мағынасын, астарлы немесе жаргон сөздердің қолданылғанын, олардың қорлаушы немесе кемсітуші сипатын анықтау қажет болса, филологиялық сараптама тағайындалады. Мұндай сараптаманы аккредиттелген сараптама ұйымдарының мамандары жүргізеді. Сараптама қорытындысы істің күрделілігіне байланысты 10-30 күн аралығында дайындалады.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қорлау фактілерін дәлелдеу үшін скриншоттар, экран жазбалары, жарияланымдарға сілтемелер және куәгерлердің айғақтары қажет.

 – Мұндай материалдар нотариуспен куәландырылған немесе процессуалдық жолмен алынуы тиіс, – деп атап өтті Айнұр Бекмұхамбетова. – Сот әлеуметтік желілер мен мессенджер әкімшіліктерінің ресми жауаптарын, сондай-ақ сот немесе тергеу органдарының сұранысы бойынша алынған мәліметтерді ескереді.

Интернеттегі қорлау да қоғамдық қорлау саналып, 120 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 120 сағатқа дейін түзету жұмыстары қарастырылған. Қайталанған жағдайда жаза күшейтіледі.