Павлодарда трамвай жүргізушісі мансап сатысымен қалай көтерілуде?

Павлодарда трамвай жүргізушісі мансап сатысымен қалай көтерілуде?
Фото: Константин Шелков

Ол төрт жылға жуық бұл қызметте жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Иван Жовба республикалық «Еңбек адамы – 2025» байқауында жеңімпаз атанып, «Еңбек майталманы» медалімен марапатталды. Ол төрт жылға жуық  Джафар Махмудов атындағы депода үшінші дәрежелі трамвай жүргізушісі болып жұмыс істеп жатыр. Оның сөзінше, мамандықты кездейсоқ таңдаған.

– Достарымен қыдырып жүріп, трамвайға міндік. Кейін жарнама естіп қалдым да, бірден хабарластым. «Ертең оқуға кел» деді. Келесі күні келіп, оқу сыныбына жазылдым. Топтағы балалар бір ай бұрын оқуды бастап кеткен екен. Артта қалсам да, бәрін қуып жеттім. Алғашқы тәжірибелік сағаттарымнан бастап өзіме қатты ұнады. Содан бері осы жерде қалдым, – деді ол. 

Алғашқы рейсі жаз мезгілінде, қала ішіндегі №5 бағытта болды. Кейіпкердің сөзінше, басында аздап толқып жүрді, бірақ аса үлкен қобалжуды сезінбеді. Қазір жүргізушінің сүйікті маршруты №13, ол Ворушин аялдамасынан, қала сыртындағы зауытқа дейін барады. 

Иван Жовба нағыз жүргізушінің бойында қырағылық басты қасиет екенін атап өтті. Сонымен қатар, адамдармен жұмыс жасағандықтан, сабырлы әрі әдепті болу шарт. 

Кейіпкеріміздің жұмыс күні таңғы төртте басталады. Таңғы ас ішіп, уақытында жұмысқа жетеді. Депода медициналық тексерістерден өтіп, керек жабдықтарды алып, вагонды дайындап, жұмыс күні басталады.

Байқауға қатысу идеясы да күтпеген жерден пайда болған. Бұл сайысқа қатысуға қозғалыс қызметінің бастығы әрі оның жары ұсыныс берді.

– Басшым келіп, биыл Президент «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай бейнеролик түсіру керек болды. Қажет болса, түсірейік дедім. Содан кейін бір ай өтті, ұмытып та кеттім. Кейін хабарласып: «Сіз жеңімпаздар тізіміндесіз», – деді. Шынымды айтсам, сене алмадым, – деді Иван Жовба.

Иван Жовба өз жұмысын асыра дәріптемейді. Бірақ дәл осындай қарапайым жандардың еңбегі арқасында қала өмірі үзілмейді. Бүгін ол – «Еңбек майталманы» медалінің иегері. Бұл марапат – адал еңбекке берілген халықтық құрметтің айқын көрінісі.

Фото автор