Павлодарда Тәжікстан азаматы қабылдау орнына қамалды
Өңірде 2542 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 желтоқсанға дейін жалғасатын «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында 9 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
– Тексерулер барысында тұрғылықты мекенжайы жоқ және көші-қон заңнамасын бұзған шетелдік азаматтар анықталды. Нәтижесінде көші-қон ережелерін бұзғаны үшін 2542 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген департаментте.
Миграциялық қызмет қызметкерлері облыс орталығында Тәжікстан азаматын ұстаған. Ол сот шешімі бойынша маусым айында елден шығарылып, 20 тәулік ішінде Қазақстан аумағынан өз еркімен кетуі қажет еді. Алайда, ел аумағынан шықпай, түрлі қалаларда жасырынған. Қазіргі уақытта ол мәжбүрлі түрде елден шығару үшін арнайы қабылдау орнына қамалды.
Шарбақты ауданында тағы бір заңбұзушылық анықталған. Елімізге 2019 жылы келген азамат көші-қон қызметіне тіркелмеген жағдайда шаруа қожалығында жұмысшыларды рұқсатсыз еңбекке тартқан. Ол Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны және ел аумағында заңды болу үшін құжаттарды рәсімдеуге шара қолданбағаны үшін шаруа қожалығының басшысы жауапқа тартылып, іс сотқа жолданды.
Еске сала кетейік, «Учаске» операциясының басты міндеті – аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Департамент егер құқық бұзушылықтар туралы ақпарат болса, жергілікті полиция бөлімшесіне хабарлауды және іс-шараның маңыздылығын түсіністікпен қабылдауға шақырды.