Павлодарда Венгрияның құрметті консулы кабинеті ашылды
Оның консулдық округіне Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары кіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Венгрияның құрметті консулының міндеттеріне Венгрия мен Қазақстан Республикасы арасындағы сауда, экономикалық, инвестициялық, туристік, мәдени және ғылыми байланыстарды дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ Венгрия азаматтарының мүдделерін қорғау кіреді.
Консулдық өкілдіктің басшысы болып Адиль Шаяхметов тағайындалды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, Венгрияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.
Тараптар Павлодарда Венгрияның құрметті консулы консулдық мекемесі кеңсесінің ашылуы бірлескен ынтымақтастықты дамытуда жақсы платформа болатынына және ортақ тарихы мол екі мемлекет арасындағы қатынастардың тұрақтылығын растайды деп үміттенді.