Павлодарда заң бұзған кәсіпкерлерге салынатын айыппұлдар ұлғаяды

Бұл туралы облыс бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті хабардар етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4-бабына сәйкес, ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына заңнамада белгіленген сауда үстемесінің мөлшерінен асып кетуі ескерту түрінде жазаға әкеп соғады.
13 наурыздан бастап аталған 204-4-бапқа өзгерістер енгізіледі. Жаңа редакцияға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін енді келесі мөлшерде айыппұлдар қарастырылған:
- жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 5 АЕК (19 660 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК (137 620 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 АЕК (589 800 теңге).
Сонымен қатар, КоАП-тың 190-бабының 5-тармағына да өзгерістер енгізіледі. Бұл тармақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы бұзғаны үшін сатушылардың (өндірушілердің, орындаушылардың) жауапкершілігін қарастырады. Атап айтқанда, келесі міндеттер орындалмаған жағдайда жауапкершілік күшейтіледі:
- сатушының, уәкілетті органның және тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу субъектілерінің байланыс деректері туралы ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде орналастыру;
- тұтынушының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру туралы талапқа заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беру;
- тауарды (жақсы сападағы да, тиісті емес сападағы да) заңнамада белгіленген мерзімде айырбастау немесе қайтаруды қамтамасыз ету.
13 наурыздан бастап осы талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, енді ескерту орнына айыппұл салынады:
- жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 АЕК (39 320 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 15 АЕК (58 980 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК (98 300 теңге).
Осыған байланысты облыс бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті кәсіпкерлік субъектілеріне жаңа өзгерістермен мұқият танысып, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы сақтауды ұсынады.