Павлодарда заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес жалғасуда

Павлодарда заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес жалғасуда
Фото: Ақмарал Есімханова

Экологтар мен полицейлер рейдтік шараларды күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл жолы ірі заңсыз қоқыс үйіндісі Суворов зиратының маңынан анықталды. Мемлекеттік экологиялық инспекторлардың бағалауынша, ол бес жылдан астам уақыт бұрын пайда болған.

Мемлекеттік экологиялық инспектор Руслан Темірболатовтың айтуынша, аумақтың периметрі бойынша тоғыз бейнебақылау камерасы орнатылған. Қазіргі уақытта оларды Павлодар облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосу жұмыстары жүргізілуде.

– Бұл жерде заңсыз қоқыс үйіндісі жыл сайын қайта пайда болады. Қазір қоқысты шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің міндетіміз – осындай үйінділерді анықтап, ақпаратты жергілікті атқарушы органдарға жолдау. Кейін олар қоқысты жою жұмыстарын ұйымдастырады. Мониторинг екі тәсілмен жүргізіледі: жергілікті жерге шығу арқылы және ғарыштық мониторингтің көмегімен, – деді Руслан Темірболатов.

Экологтардың айтуынша, бұл тек анықталған қоқыс үйінділері ғана. Өңірдің өзге аумақтарында да осындай орындардың болуы әбден мүмкін. Мамандардың пікірінше, олардың қайта-қайта пайда болуына бірнеше себеп бар.

– Себептері әртүрлі. Кейбір азаматтар уақыт пен қаражатты үнемдеу үшін қалдықтарды арнайы полигондарға апармайды. Экологиялық жауапкершіліктің төмендігі де әсер етеді. Бұрын құқық бұзушыларды жауапкершілікке тартуда қиындықтар болған. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 2-1-бөлігіне заңсыз қоқыс үйінділерін ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік енгізілді. Мұндай құқық бұзушылық үшін 432 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған, – деді инспектор.

Салалық ведомство өкілдері заңсыз қоқыс үйінділерінің қайта пайда болуының алдын алу үшін қолға алынатын шаралар туралы да айтты.

Экологтар мұндай орындарға көліктердің кіруін шектеу үшін қосымша бейнебақылау камераларын орнатып, бетон қоршаулар қоюды ұсынады.

Мамандардың айтуынша, мәселені шешу кешенді тәсілді және полицияның, әкімдіктердің, сондай-ақ экологиялық қызметтердің өзара үйлесімді жұмысын талап етеді. Негізгі шаралардың бірі – құқық бұзушылардың жауапкершілігін күшейту. Бұрын алғаш рет заң бұзғандарға көбіне ескерту жасалып немесе аз мөлшерде айыппұл салынатын. Ал биылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жеке тұлғалар үшін 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделген. Құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері екі еселенеді, сондай-ақ құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылған мүлікті тәркілеу мүмкіндігі қарастырылған.

Еске салайық, өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр. Жуырда қоқыс өңдеу зауытының бірінші кезеңі – сұрыптау орталығын салу жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтті. Бұл экологиялық рұқсат алу үшін қажет. Павлодар облысында жыл сайын шамамен 300 мың тонна қалдық түзіледі. Оның тек үштен бірі, яғни шамамен 100 мың тоннасы ғана қайта өңделеді.

Жыл басынан бері Павлодар облысында 97 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 93-і жойылды, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.