Павлодарда заманауи жабдықталған арнайы кітапхана есігін айқара ашады
Кітапханадағы технологиялар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, кітап оқу процесін жеңілдетпек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
28 сәуір күні сағат 14:30-да көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық кітапхана қайта жаңғыртудан кейін ашылады. Амангелді көшесі, 17/1 мекенжайында орналасқан нысан заманауи тифлотехникамен және жаңа бағдарламалық жүйелермен жабдықталды.
Шара аясында «Бір ел – бір кітап-2026» акциясы шеңберінде Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романының тұсаукесері өтеді. Туынды арнайы оқырмандар үшін үш форматта: Брайль қарпімен, дыбыстық нұсқада және QR-кодпен басып шығарылды.
Салтанатты жиынға облыс әкімі мен зиялы қауым өкілдері қатысады деп күтілуде.
Кітапхана қонақтары жаңартылған залдағы «МегаПро» жүйесімен, өз-өзіне қызмет көрсету станцияларымен және SARA оқитын машиналарымен таныса алады. Сонымен қатар мекемеде Брайль қарпінде басып шығаратын Everest DV 5 принтері мен жаңа «Жан алауы» дыбыс жазу студиясы жұмысын бастайды.