Павлодарда Зара Қожахметованы еске алу кеші өтті

Павлодарда Зара Қожахметованы еске алу кеші өтті
Фото: автор

Ол – Павлодар облыстық Мұсылман әйелдер лигасының негізін қалаушы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Келісім мен бірліктің қара шаңырағы саналатын «Достық үйінде» өңірдің белгілі қоғам қайраткері, Қазақстанның ағарту ісінің үздігі, «Парасат» орденінің иегері Зара Қабдешқызы Қожахметованың 85 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Іс-шараға балалары, туыстары, қоғам және мәдениет өкілдері, әріптестері мен шәкірттері, сондай-ақ ананың ісін жалғастырып жүрген ұйымдар қатысты.

Облыстық Аналар кеңесінің төрайымы, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилова Зара Қожахметованың өңірдің рухани өміріндегі рөлін ерекше атап өтті.

– Зара Қабдешқызы  тек өз отбасының ғана емес, бүкіл елдің анасы болды. Ол аналар мен әжелерді бірлікке шақырып, ұлттық салт-дәстүр мен ана тіліміздің қадірін ұрпақ санасына сіңіруге бар ғұмырын арнады. Сол кісінің бастаған ісін бүгінде біз жалғастырып келеміз, – деді ол.

Зара Қабдешқызының ортаншы ұлы Асқар Кажыкенов бұл күнді ерекше толқумен қарсы алғанын айтты. 

– Бұл шара – тек біздің отбасымыз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де маңызды. Мұнда үлкен тәрбиелік мән бар. Анамыздың өмір жолы — бәрімізге үлгі, ол бізге оптимизм мен өмірге деген құштарлық сыйлады. Ең бастысы, адалдық пен мәдениеттің не екенін өз ісімен көрсетті, – деді ол.

Оның айтуынша, анасы отбасында да, қоғамда да ерекше қайрат пен табандылық танытқан.

– Әкеміз өте жұмсақ мінезді адам еді, ал анамыз керісінше – қайратты, табанды жан болатын. Ешқашан мойымаған, әр қиындықтан жол табуға тырысатын. Сол мінезі оның қоғамдық істерде де көрініс тапты, – дейді ұлы. 

Асқар Кажыкенов анасының еңбекқорлығы мен жан жылуын сағынышпен еске алды. Жас кезінде ол мектепте жұмыс істеп әрі үш баласын тәрбиелеп, барлығына үлгерген.

Сондай-ақ, Зара Қабдешқызы басқарған Мұсылман әйелдер лигасы Павлодардан бастау алып, кейін басқа өңірлерге де тараған. Бүгінде бұл ұйым елімізде ресми түрде таратылса да, Павлодар облыстық ассамблея құрамында өз жұмысын жалғастырып келеді.

Айта кетейік, іс-шара аясында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі «Ғибадатты ғұмыр» атты көрме ұйымдастырды. Онда Зара Қабдешқызының жеке заттары мен естелік бұйымдары – ақ жаулығы, кимешегі, күнделіктері, қолжазбалары және өмірінің әр кезеңінен фотосуреттері қойылды. Ананың ұлағатты ғұмырын ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтатын көрме жеті күнге созылады.