Павлодарда жаңа балалар және спорт алаңдары көбейеді
Асайын Байханов қаланы аралап, шаһардағы абаттандыру және спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысына атқарылып жатқан жұмыстар туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков баяндады.
Оның айтуынша, биыл Павлодарда 50 балалар ойын алаңын орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 20-сы толық аяқталып, тағы 10 алаңда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған барлық жұмыстарды маусым айында аяқтау көзделіп отыр.
– Сонымен қатар, қалада 10 шағын футбол алаңын салу жоспарланған. Бүгінде оның жетеуі пайдалануға берілсе, қалған үш алаңда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл нысандарды шілде айында толық аяқтау жоспарланған, – дейді Хасар Хабылбеков.

Бұдан бөлек, биыл Павлодарда ашық аспан астында орналасатын 80 жаттығу алаңы орнатылады. Қазіргі таңда 10 алаң толық дайын, тағы 10 нысанда жұмыстар жалғасуда. Жоба шілде айында толық аяқталмақ.
Кездесу барысында аулаларды абаттандыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биыл қаладағы 100 ауланы асфальттау жоспарланған. Қазірдің өзінде 13 аулада жұмыстар толық аяқталып, тағы 17 аулада асфальт төсеу жалғасуда. Барлық жұмыстарды тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр.
Өңір басшысы бұл жұмыстардың бірнеше жыл бұрын бекітілген кешенді жоспар аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.
– Бұл – Павлодар қаласының төрт жыл бұрын бекітілген кешенді абаттандыру жоспары. Қалада барлығы 610 аула бар болса, осы жұмыстар арқылы аулалардың барлығын толық қамтимыз ба? – деп сұрады Асайын Байханов.
Өз кезегінде Хасар Хабылбеков инженерлік инфрақұрылымға байланысты шамамен 10-15 аула қалып отырғанын жеткізді.

Облыс әкімі мұндай аумақтарда шағын форматтағы балалар ойын алаңдарын орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Мысал ретінде Гагарин көшесіндегі 89-үй аталып, тұрғындардың балалар алаңы мен қоқыс алаңына қатысты шағымдары бар екені айтылды.
Сондай-ақ кездесу барысында спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесі де талқыланды. Қала әкімінің мәліметінше, шағын футбол алаңдарын салу жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Қазіргі таңда Павлодарда 43 футбол алаңы бар.
Асайын Байханов бұрын салынған футбол алаңдарының жағдайына да назар аударып, оларды жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын сұрады. Қала әкімі бұл бағытта қалалық спорт бөлімі күнделікті бақылау жүргізетінін айтты.
Ал жаттығу алаңдары бойынша биыл Павлодар қаласын толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.