Павлодарда жаңа көпірдің жабындысынан үлгілер алынды

Олар студенттер тәжірибесінде талданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жол саласына кадр даярлау және жастарға жолшы мамандығын насихаттау – басты назардағы міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыс «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Павлодар облыстық филиалында жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Филиал зертханасында тұрақты түрде Ашық есік күндері ұйымдастырылады.
Жуырда орталыққа Инновациялық Еуразия университеті колледжінің 4-курс студенттері келіп, жол құрылысына қажетті асфальт, битум, құм-шағал қоспаларының зертханада қалай тексерілетінін көрді. Студенттер материалдардың сапасын анықтау әдістерімен танысып, керн үлгілерін талдады, қиыршық тас пен топырақ сапасын бағалауды, сондай-ақ битумға сынама жасауды тәжірибеден өткізді.
– Ертіс өзенінің үстінен салынып жатқан жаңа көпірдің жабындысынан алынған үлгілер студенттердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл өңір үшін тарихи маңызы бар тәжірибе болды, – деді орталықтың филиалында.
Колледж ұстаздарының айтуынша, мұндай шаралар болашақ мамандарға теориялық білімді нақты өндірістік жағдаймен ұштастыруға, сала маңызын терең түсінуге жол ашады.
Бүгінгі күнге дейін филиалда 35 студент өндірістік тәжірибеден өтті.
– Әсерім өте керемет. Лаборатория заманауи жабдықталған, мамандар барлығын түсінікті жеткізді. Мұнда тәжірибеден өту мүмкіндігіне қуаныштымын, әрі болашақта жолшы мамандығының перспективасын жақсырақ түсіндім, – деді колледж түлегі Варвара Бузалова.
Мемлекет болашақ жас жолшыларға үлкен үміт артып отыр. Президент халыққа Жолдауында биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатқанын айтып өтті. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған.
Айта кетейік, жыл басынан бері филиал зертханасы республикалық және жергілікті жолдарға 638 рет шығып, 90-нан астам нысанды тексерді. Мыңдаған сынаманың ішінде 1910 үлгі зертханалық сараптамадан өтті, нәтижесінде 322 ақау анықталды.