Павлодарда жаңа көпірде шыққан екі өрт оның құрылыс мерзіміне әсер етпейді

Павлодарда жаңа көпірде шыққан екі өрт оның құрылыс мерзіміне әсер етпейді
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Павлодар филиалы

Жобаға қосымша қаражат бөлінбейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

31 қаңтар мен 1 ақпан күндері Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпір нысанында екі өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудың себептері мен салдарына қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Павлодар филиалы ресми түсініктеме берді.

31 қаңтарда сағат 20:10 шамасында құрылыс-монтаж жұмыстары барысында №4 аралық тіректе жылулық қорғау тенті мен ағаштан жасалған қаптау конструкциясы жанған. Өрттің негізгі себебі – дәнекерлеу жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, нақтырақ айтқанда, ұшқынның таралуына қарсы қорғаныш құралдарының қолданылмауы. Өрт аумағы шамамен 60 шаршы метрді құрады.

Ал 1 ақпан күні сағат 10:30 шамасында №5 тіректе жылытқыш материалдар, жапқыш және ағаш қаптау конструкциялары отқа оранған. Бұл жағдай жаңадан құйылған бетонды жылыту үшін қолданылған дизельді жылу пушкасының жасырын техникалық ақауынан туындаған. Ақау С24 секциясында өрттің шығуына себеп болған.

– Алғашқы комиссиялық тексеру нәтижесінде ұзындығы 4 метрлік  №5 тіректегі С24 секциясын толықтай демонтаждау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіздікті толық қамтамасыз ету және құрылыс жұмыстарын одан әрі жалғастыру үшін қосымша техникалық зерттеу жүргізілуде. Аталған тексеруге шетелдік мамандар да тартылмақ, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Павлодар филиалының директоры Ермұрат Нұрханов. 

Өрттің салдарын жою және қайта қалпына келтіру жұмыстарын «Казахдорстрой» ЖШС мердігер ұйымы өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Жоба құнын қайта қарау немесе қосымша қаржыландыру қажет емес.

– Шыққан өрттер нысанның жалпы аяқталу мерзіміне әсер етпейді. Нысанды толық пайдалануға беру өндірістік кестеге сәйкес 2027 жылдың қазан айында көзделіп отыр, – деді Ермұрат Нұрханов. – Қазіргі таңда көпір құрылысында жұмыстар екі ауысымда жүргізілуде, нысанда 290 адам еңбек етуде. Бүгінгі күні №2 және №3 тіректерде теңгерімді бетондату әдісімен аралық құрылымдарды салу жұмыстары атқарылып жатыр. Комиссиялық тексеру аяқталып, өрт салдары толық жойылғаннан кейін №4 және №5 тіректердегі жұмыстар қайта жалғасады.

Еске сала кетейік, 31 қаңтарда «101» пультіне салынып жатқан көпір аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен болатын. Өрттің ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында тілсіз жау қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді. 

Келесі күні, таңертең өрт қайта шықты, алайда басқа учаскеде. Құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде өрт 100 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер болған жоқ.