Павлодарда әзілқой жас педагогтар анықталды

Павлодарда әзілқой жас педагогтар анықталды
Суретті қалалық жас педагогтар кеңесі ұсынды

Шығармашыл әрі талантты ұстаздар арасында КВН өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық жас педагогтар кеңесінің бастамасымен және қалалық білім беру бөлімі мен кәсіподақтың қолдауымен № 16 мектеп-лицейде ұйымдастырылған іс-шараға мектептер мен мектептен тыс мекемелердің ұстаздары қатысты.

Жайдарман тақырыбы ретінде білім беру саласындағы жағдайлар таңдалды.

–  Жайдарман екі кезеңнен өтті. Іріктеу кезеңіне 38 команда қатысты, оның 19-ы финалға өтті, – дейді қалалық жас педагогтар кеңесінің төрағасы Олжас Умаров.

Бірінші іріктеу кезеңінде «Болашақ ұстаз» тақырыбында командалар өздерінің тапқырлығы мен өнерпаздығын, ерекше әзілдері мен авторлық қойылымдарын көрсетті.

Командалар сәлемдесуде өз концепциясын және стилін таныстырды. «Педагогикалық fusion» бейнебайқауында берілген тақырыпта ерекше бейнероликтер әзірлеп, екі сайыс бойынша бақ сынады.

Гран-приді «Жігер ұландары» клубы жеңіп, 150 мың теңге сыйлық алды. Бірінші орынды № 40 мектеп иеленіп, 100 мың теңге алса, екінші орынды Кенжекөл мен Әлімбаев мектептері қанжығаларына байлап, 80 мың теңгедден қоржынға салды. Үшінші орынды № 14, № 15, № 18, Торайғыров мектептерінің педагогтері қанжығасына байлады, 50 мың теңгені иеленді. Номинация алғандарға 40 мың теңге табысталды.

–   Командада бес адамбыз. Мектеп оқып жүргенде осы командағылармен жайдарманға қатысатын едік. Шешуші кезеңде Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы мектеп ашқаны жайлы бейнеролик түсірдік, – дейді «Жігер ұландары» клубінің капитаны Алишер Төлеутаев.

Қазылар алқасының құрамына танымал КВН ойыншылары, БАҚ өкілдері және блогерлер кірді. Өнер көрсету, юмор, ерекше ойлау, актерлік шеберлік және импровизация бойынша баға берілді.