Павлодарда жас суретшілер шеберліктерін көрсетті

Облыстық «Алтын қазына-2025» көркемөнер және сәндік-қолданбалы шығармашылық байқауына 12-16 жас аралығындағы көркемсурет мектебінің 19 оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара «Тоқыма», «Қағаздан жасалған бұйымдар», «Ағашқа сурет салу», «Шағын пішінді мүсіндер жасау» номинациялары бойынша ұйымдастырылды.
– «Алтын қазына» байқауы балалардың сәндік-қолданбалы өнерге, халқымыздың дәстүрлі өнеріне деген сүйіспеншілігін дамытады. Биылғы жылы байқауға қатысушылар саны артқанын атап өткім келеді, – деп атап өтті мектеп басшысы Ләйля Магзамова.
Байқау қорытындысы бойынша Павлодар қаласының жас суретшілері жеті жүлделі орынға ие болды.
Оқушылар папье-маше техникасында «Түйе», ағашқа сурет салу бойынша «Тарихқа саяхат», гофрленген картоннан жасалған аппликацияда «Қазақстанның петроглифтері», қыш балшық жұмыстарынан «Кесе» жұмыстары үшін II дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Көлемді пластика техникасында «Ешкі», қыш балшықтан жасалған «Тостаған», киізден жасалған коллаж «Дастархан» жұмыстары үшін III дәрежелі дипломдармен атап өтілді.