Павлодарда жас жұмысшы мамандық иелері миллион теңгелік премия ала алады

Биылғы жылы номинациялар саны 7-ден 10-ға дейін кеңейтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы ҚР Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, «Келешек» жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева мәлім етті.
– Jas Kenes Siylygy Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы болып табылады, – дейді Гүлзира Атабаева.
Бұл премия қазақстандық қоғам үшін маңызды салаларда жұмыс істейтін, күнделікті жұмысы мен еңбек ерліктері отандастардың көпшілігі үшін жиі байқалмайтын жас мамандарға арналған.
Ал, биылғы жылы жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен дәрігерлер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, креативті индустриялар және атом өнеркәсібі саласының өкілдері сияқты жаңа мамандықтар енгізілді.
– Конкурстық іріктеу үш кезеңнен тұрады. Оның қорытындысы бойынша әр номинациядан екі жеңімпаздан, барлығы 20 жеңімпаз анықталады. Байқаудың жүлде қоры – 20 миллион теңге, яғни әр жеңімпазға бір миллион теңгеден беріледі, – дейді ол.
Биылғы жылы номинациялар саны 7-ден 10-ға дейін кеңейтілді:
• Janqıarlyq — ҚР ішкі істер органдары мен қарулы күштерінің қызметкерлеріне арналған;
• Altyn jürek — орта және кіші медицина қызметкерлеріне (жедел жәрдем, акушер, санитар және т.б.) және дәрігерлерге арналған;
• Önerkäsıp — өңдеу өнеркәсібі, тау-кен-металлургия кешені және экономиканың басқа да өндірістік секторларында жұмыс істейтіндерге арналған;
• Bolaşaq turaly qamqorlyq — инклюзивті оқу орталықтарының қызметкерлеріне, арнайы қызмет көрсететін ұйымдарға, әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге (балалар үйлері, хоспистер, қарттар үйлері, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету орталықтары және т.б.), сондай-ақ волонтерлерге арналған;
• Bılım jäne Ğylym — мектепке дейінгі, орта, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне, сонымен қатар ғалымдар, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілерге арналған;
• Qaisar — авариялық-құтқару қызметі, өрт сөндірушілер және азаматтық қорғаныс жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлеріне арналған;
• Altyn qol — сырлаушы, сантехник, құрылысшы және т.б. жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне, сондай-ақ КСК, МИБ және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз етуге жауапты ұйымдардың қызметкерлеріне арналған;
• Zharyq — энергетика саласының, атом өнеркәсібінің, мұнай-газ кәсіпорындарының қызметкерлеріне арналған;
• Örken — агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және азық-түлік өнімдерін өндіру саласындағы мамандарға арналған;
• Örleu — ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (оның ішінде жасанды интеллект, деректерді талдау және т.б.) және креативті индустриялар саласының қызметкерлеріне арналған.
– Сыйлықтың бас серіктесі және демеушісі «Brave Talents» компаниясы, – дейді Гүлзира Атабаева.
Марапаттауға Қазақстан Республикасының аумағында тұратын 35 жасқа толмаған азаматтар өтініш бере алады. Конкурсқа қатысуға өтінімді https://www.jaskenes.kz/application сайтында 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында беруге болады.