Павлодарда жасалған күрделі ота екібастұздық науқастың екі аяғын сақтап қалды

Павлодарда жасалған күрделі ота екібастұздық науқастың екі аяғын сақтап қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыстық кардиологиялық орталықтың ақ желеңділері технологиялық отаның көмегімен ұзаққа созылған аурудың алдын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аталмыш орталықтың тамыр хирургтері Екібастұз қаласының 52 жастағы тұрғынына күрделі жоғары технологиялық операция жасап, оның аяқтарындағы қан айналымын қалпына келтірді.

Ер адам ұзақ уақыт бойы аяқтарының қатты ауыруына, ұюына және үнемі суық болып тұруына шағымданған. Аурудың асқынғаны соншалық, ол небәрі 40–50 метр жүргеннен кейін тоқтап, ауырсынудың басылғанын күтуге мәжбүр болған.

Павлодар кардиоорталығының тамыр хирургіне жүгініп, толық тексеруден өткен науқасқа дәрігерлер облитерациялық атеросклероз, Лериш синдромы, екі жақты сыртқы мықын және жалпы сан артерияларының окклюзиясы диагнозын қойған.

Бұл диагноз ірі қан тамырларының толықтай бітеліп, аяқтарға қанның жеткілікті деңгейде бармай қалғанын білдіреді. Мұндай жағдайда аяқ-қолдардың ишемияға ұшырап, гангрена дамуы және кейіннен ампутация жасау қаупі өте жоғары болады. Науқас жоспарлы түрде біздің орталықтың тамыр хирургиясы бөліміне жатқызылды, - делінген хабарламада.

Орталықтың тамыр хирургтері оған күрделі әрі қымбат жоғары технологиялық операция – орта-сан артерияларының бифуркациялық шунттауын (АББШ) жасаған. Ота барысында дәрігерлер қан ағынын бітелген тамыр бөліктерін айналып өтетін жол арқылы қалпына келтірді. Нәтижесінде аяқтардың ишемиясының алдын алып, науқастың аяқ-қолдарын ампутациядан сақтап қалды.

Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі емдер кардиоорталықта жылына шамамен 20 рет жасалады.

Ең маңыздысы, жоғары технологиялық және қымбат тұратын бұл медициналық көмек пациентке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында толықтай тегін көрсетілген.

Қазіргі уақытта науқастың жағдайы жақсы. Ең үлкен қауіп артта қалды. Алда қалпына келу кезеңі күтіп тұр. Дәрігерлердің көмегімен ол ауырсынусыз, белсенді әрі толыққанды өмірге оралуды жоспарлап отыр.