Павлодарда Жастар күні мен Жұмысшы мамандықтар жылына арналған концерт өтті

Концертте өңір басшысы сөз сөйлеп, танымал әртістер өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
12 тамыз күні Халықаралық жастар күні мен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Павлодарда ауқымды концерт пен көрме ұйымдастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев форумға жолдаған құттықтау сөзінде жастардың ел дамуына қосып отырған үлесін атап өтті.
– Сіздер спортта, білім сайыстарында, еріктілік пен экологиялық бастамаларда белсенділік танытып, елдің абыройын арттырып келесіздер. Қазақстанның бүгіні мен ертеңі сіздердің қолдарыңызда. Мемлекет сіздердің дамуларыңызға барлық мүмкіндік жасап отыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысы биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамының мәртебесін арттыру, білікті кадрлар даярлау және жастарды өндірістік салаға тарту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті.
– Хакім Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп бекер айтпаған. Ұлы ойшылдың бұл өсиеті бүгін де өзекті. Қазақстан жастары – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, жасампаз азаматтар. Еліміздің жарқын болашағы – өскелең ұрпақтың қолында. Мен Сіздерге сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Концертте сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Павлодар облысының өнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады.
– Біздің ең басты мақсатымыз – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мамандық беріп қана қоймай, олардың жүрек қалауымен кәсіби жолын таңдауға жол ашу. Бүгінгі нәтижеміз – ертеңгі мықты еңбек нарығының кепілі, – деді Ермек Беделбайұлы.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өз сөзінде жастардың ел болашағы үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Павлодар – еліміздің индустрия жүрегі. Мұнда 1000-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Облыстың өнеркәсіп өндірісі республика көлемінің 80%-ын, ал өңдеу өнеркәсібі 5%-ын құрайды. Бұл кәсіпорындардың 75%-ында жұмысшы мамандық иелері еңбек етеді, – деді ол.
Форум аясында өңірдің ірі кәсіпорындары мен колледждері қатысқан «Жұмысшы мамандықтар» көрмесі өтті. Қатысушылар заманауи өндірістік жабдықтармен танысып, тәжірибелік шеберлік сабақтарына қатысты.
Сонымен қатар, жастарға арналған концерт ұйымдастырылып, Ilhan, Adil, Kalifornia және Bytanat өнер көрсетті. Әртістер көрермендерді мерекемен құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.