Павлодарда жеке сот орындаушысының әрекеті заңсыз деп танылды

Павлодарда жеке сот орындаушысының әрекеті заңсыз деп танылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол атқарушылық өндіріс аяқталғанына қарамастан мүлікке салынған тыйымды алып тастамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әйел азамат жеке сот орындаушысына қатысты мәжбүрлеп орындату шараларының күшін жоюдан бас тарту әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қою бойынша әкімшілік істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін сот шешімімен талап қоюшы тұрғын үйден шығарылуға тиіс болған. Атқарушылық парақ негізінде жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғап, мүлікке иелік етуге байланысты бірқатар шектеу енгізген.

Алайда 2024 жылдың қазан айында өндіріп алушының өтініші бойынша атқарушылық парақ қайтарылып, атқарушылық іс жүргізу аяқталған. Соған қарамастан, бұрын салынған шектеулердің күші жойылмаған. 2025 жылдың желтоқсанында әйел азамат тыйымды алып тастау және деректерді борышкерлер тізілімінен шығару туралы өтініш бергенімен, жеке сот орындаушысы оны қанағаттандырудан бас тартқан, – деді соттың баспасөз қызметі.

Сот атқарушылық құжат қайтарылған сәттен бастап іс жүргізу аяқталған болып саналатынын және осыдан кейін сот орындаушысының атқарушылық әрекеттерді жалғастыруға құқығы жоқ екенін анықтады. Сонымен қатар, іс жүргізу аяқталғаннан кейін шектеу шараларын сақтау азаматтың құқықтарын негізсіз шектейтіні атап өтілді.

Сот сондай-ақ мүлікке иелік етуге тыйым салу тұрғын үйден шығару туралы мүліктік емес талаптың сипатына сәйкес келмейтінін және сот шешімінің орындалуына ықпал етпейтінін көрсетті. Бұл мөлшерлестік қағидатына қайшы деп танылды.

Нәтижесінде сот жеке сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп танып, салынған тыйымды алып тастауды міндеттеді. Бұдан бөлек, жауапкерден 100 мың теңге көлеміндегі өкілдік шығындар мен мемлекеттік баж өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.